|
Аймақ әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен Павлодар облысы білім басқармасының қорытынды алқасында Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды. Аталмыш саяси құжатта айтылған міндеттердің бірі - 2020 жылға дейін еліміздің барлық бүлдіршіндерін мектепке дейінгі дайындықпен қамту болып табылады. Облыста былтыр 17 балабақша және 65 шағын орталық ашылды. Балалардың 54,2 пайызы мектепке дейінгі дайындықпен қамтылды, бұл 2008 жылғы көрсеткіштен 9,6 пайызға көп.
«Мақсатсыз пайдаланылып отырған бұрынғы балабақша ғимараттарының тізімін жасау жұмыстары жүргізілуде - олардың иелерімен сатып алу жөніндегі мәселелер талқыланып жатыр. Биыл сондай-ақ, 3 балабақша салу, 86 шағын орталық ашу, типтік балабақшалардың ескі ғимараттарын қалпына келтіру жоспарлануда. Ал білім басқармасының басшылары балабақшалар үшін тәрбиешілердің керек екенін естен шығармаулары керек – ертеңгі күні мектепке дейінгі педагогтар тапшылығы проблемасына тап болмау үшін кадрларды дайындау мәселесімен қазірден айналысқан жөн»,- деп атап көрсетті Б.Сағынтаев өз сөзінде.
Алқа мәжілісінде сондай-ақ, 12 жылдық білім жүйесіне ауысу, жетім және ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларды әлеуметтік қорғау, балалар үйлері мен интернат түлектерінің баспана проблемаларын шешу мәселелері талқыланды.
|